Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Каптаж», «Бастау» тоғандарынан және «Медеу» сүзгі станциясынан келетін судың осы резервуарларда жинақталып, зарарсыздандырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тазаланған ауызсу арнайы орнатылған сорғылардың көмегімен Каменское плато, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау ықшамаудандарының магистральды желілері арқылы таратылады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Медеу ауданының 50 мың тұрғынын сумен қамтудың қосалқы схемасын іске қосу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Ал Алатау, Бостандық және Наурызбай аудандарының халқын сумен тұрақты әрі сапалы түрде қамтамасыз ету үшін екі тоған салынып жатыр және тағы екеуінің жобалау жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес биыл Қарғалы тоғанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл нысан Наурызбай ауданының 50 мың тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы Ақсай тоғанының құрылысын аяқтау көзделуде. Ол Наурызбай ауданындағы 100 мың тұрғын мен Алматы облысы Қарасай ауданындағы 15 мың тұрғынның суға қатысты мәселесін шешуге септігін тигізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр Алматы қаласының Медеу ауданында болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын ескертті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізіп, жер астынан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшылығына жиі шағымданады. Сондықтан кешенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек».
Сондай-ақ Президент Алматы қаласына жұмыс сапары Footlab футбол орталығында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа орталықтың пилоттық режимде жұмыс істей бастағаны туралы мәлімет берілді. Мұнда қазір жоғары білікті 8 бапкер 50 баланы жаттықтырып жатыр. «Smart Football» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Мұрат Медеуовтің айтуынша, футбол академиясында 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жаттықтыру жоспарланған. Алматыдағы Footlab орталығы Португалияның франшизасын алған. Оның бас кеңсесі Лиссабонда орналасқан. Бүгінде Footlab франшизасы әлемнің 60-тан астам еліне сатылған. Бұл орталық Лиссабон мен Дубайдан кейін үшінші болып, Алматыда ашылды. Жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция салынған. Орталықтың биыл 50 мыңнан астам адам қабылдау, сондай-ақ спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау үшін Алматы қаласының оқушылары арасында турнир өткізу жоспары бар. Инвесторлар еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар желісін ашуды көздеп отыр. Президент балаларға арналған спорт жобасын дамыту үшін жауапты органдарға жер телімін бөлу мәселесінде жәрдем көрсетуді тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ