Конституция күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мандатқа ие омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформалардың нәтижесі туралы айтты. Президенттің айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетті басқару моделін жаңғыртуға негіз болды. Конституциялық реформа барысында құқық қорғау саласына баса мән берілді. Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарады. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды.

Президент азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алғанын атап өтті. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді.Мемлекет басшысы азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы жандана түскеніне назар аударды. Өтініштердің саны екі есе артты.Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір басымдық – Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру. Президенттің пікірінше, Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, оларды заң жүзінде бекіту маңызды.

Сондай-ақ Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн.Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Омбудсмен мен арнаулы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет екеніне назар аударды.