Алматыда қоғамдық көліктер кептеліссіз қатынайды. Бүгін Райымбек көшесіндегі BRT желісін салудың жобасы таныстырылды.  Ұзындығы 17 шағырымға жететін жолақта жаңа автобустар қатынамақ. 

Бастама іске асса, жол азабын тартқан халықтың мұңы шешіледі. Қоғамдық көліктің қозғалысы 70%-ға көбейіп, кептелісті 30%-ға төмендетпек. Ал Райымбек көшесіндегі BRT желісі екі кезеңмен іске асырылмақ. Алғашқысы биыл қолға алынса, келесі кезең 2025-2026 жылдарға жоспарланған. 

САҒЫНДЫҚ ТЕЛІБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МОБИЛЬДІЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Қоғамдық көлік өз жолағымен жүру керек. Сол кезде біз интервалды сақтай аламыз. Соны ойластыра отырып, 2023 жылы көліктің транспорттық картасын мақұлдадық. Транспорттық картада 42 дәліздің 100-ден астам шақырымы - қоғамдық көлікке арналған жолақтар. Сондай  дәліздің бірі - Райымбек даңғылы. Бүгін, өздеріңіз көргендей, Райымбек даңғылының жобасын біз сіздерге көрсеттік, талқыладық. Бұл “Барлық” базарынан бастап, Пушкин көшесіне дейін Райымбек даңғылының  ұзындығы 17 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстарын жүргізе бастаймыз. Көлік қаңқасының жоспарын жасағанда, онда BRT жолағын салуға 296 км берілді. Соның арқасында алдағы уақытта жолаушылар А нүктесінен Б нүктесіне дейін қиындықсыз жете алады».

Қаланың бас жоспары бойынша, Абай даңғылы метромен қамтылған. Ал Төле би көшесінде LRT болады. Райымбек даңғылында BRT жолағын салу жоспарланған. Осылайша, қала көшелерінде қоғамдық көліктерге басымдылық берілмек.