Риддер жылу электр орталығы қарызсыз мемлекет меншігіне қайтарылды. Кәсіпорынның бұрынғы иелері 5,5 млрд теңгеден астам борышын толық төлеген. Оның ішінде жалақы және салық міндеттемелері бойынша берешегі де бар. Бұл туралы қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты.

ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлаған, нәтижесінде қала тұрғындары жылу энергиясын беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан. Жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке аса ірі мөлшерде, 4,1 млрд теңге сомасында залал келтірді деген күдікпен, алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды».