1982 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің журналистика факультетін тәмамдап, республиканың белді басылымдарында құқықтанушы қаламгер ретінде танылған Серік Жұмабекұлы он бес жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде ұстаздық етіп келеді. Қырық жылға жуық шығармашылық ғұмырында ол қалам тартпаған тақырыптар кемде-кем сияқты. Таяуда журналистика факультетінде өткен тұсаукесер рәсімінде бұған көпшіліктің көзі жеткендей болды. Факультет деканы Қанат Әуесбай «Қазақ университеті» баспасынан заманауи талаптарға сай оқулықтар мен оқу құралдары талайдан бері жарық көріп келе жатқанымен, журналистиканың қайнар көзінен сусындататын хрестоматиялық құралдар жоқтың қасы екендігін де жасырмады.
"Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 90 жылыдығына арналып, «Журналистік шеберлік» сериясы бойынша студенттер аудиториясына жол тартқан бұл төрт томдық хрестоматия Серік Жұмабекұлының ұзақ жылғы тәжірибесінен теория түзудегі тың әдістеме екендігі даусыз. Бір саланы терең меңгерген қаламгер өзге әріптестерінінен оқ бойы озық тұратынын өмірдің өзі талай рет дәлелдеген. Ендеше әрқайсысының көлемі 400-500 бет аралығын қамтитын хрестоматиялардағы саналуан тақырыптар кез келген оқырманды бей-жай қалдырмасы анық",-деп өз ойын тұжырымдаған Қ.Әуесбай факультетте дәріс оқып жүрген практик-журналистерден алдағы уақыттарда жаңа хрестоматиялық оқу құралдарын күтетінін де баса айтты.
Қолымыздағы төрт томдық хрестоматияның мұқабасына назар салсақ, мұнда сегіз салалық журналистика тақырыптары саралана жіктеліп, топтастырылғанын байқар едік. Мысалы, 1-том «Құқықтық журналистика», 2-том «Әскери-экономикалық журналистика», 3-том «Ғылым, білім, әдебиет саласы», 4-том «Саяси-әлеуметтік журналистика» деп аталады.
Журналистка факультетінің білікті ұстаздары – профессор Кәкен Хамзин мен доцент Сағатбек Медеубекұлы пікір жазып, ҚазҰУ журналистика факультеттінің Ғылми кеңесі және Редакциялық-баспа кеңесінің шешімі негізінде жарық көрген төрт томдық хрестоматия жас журналистерді шығармашылықтың жаңа белестеріне жетелейтін бірегей оқу құралы болып қала бермек.
Журналистика ғылымын дамытуда талмай еңбек етіп келе жатқан профессор Клара Қабылғазина, филология ғылымының кандидаты Сансызбай Мәдиев, практик-журналистер – Иманбай Жұбай, Бекжан Әшірбаев, ҚазҰУ Баспасөз қызметінің өкілі, танымал журналист Қайыржан Төрежан, Әсел Аманханқызы, сондай-ақ тұсаукесер рәсіміне жиналған студенттер қауымы жаңа бастамаға ізгі лебіздерін білдірді. Болашақ журналистер өздеріне үздіксіз дәріс оқып келе жатқан ұстаздарына зор денсаулық, шығармашылық шабыт тіледі.
Ұлдана НУРАДИН, ҚазҰУ журналистика факультетінің 4-курс студенті