Семей қалалық ІІБ патрульдік көліктерінде «Sergek Patrol» пайда болды. Бұл «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесімен біріктірілген жасанды интеллекті қосылған аппараттық-бағдарламалық кешен. Әзірге құрылғылар үш патрульдік көліктерге орнатылды. Бұл құқық қорғау қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттырады. Полиция департаментінің бөлім бастығы Зарема Бақытбекованың айтуынша, бұл құрылғылар Астана мен Алматыда өзін жақсы жағынан көрсетіп, ақаулықтарсыз жұмыс істеген.

ЗАРЕМА БАҚЫТБЕКОВА ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

«Камералар мен жасанды интеллект көмегімен аталмыш кешен жолдағы көліктерді анықтайды. Мемлекеттік нөмірді танып, деректер базасы арқылы тәртіп бұзушылар мен борышкерлерді (алимент пен салық төлемеушілерді), жалған мемлекеттік нөмірлермен жүрген және бағдарлаудағы (ориентировка) көлік жүргізушілерін тексереді. Жыл соңына дейін кешеннің функционалдығы кеңейеді, жылдамдықты шектен асыру, тұраққа дұрыс тұрмау және жол белгілерін бұзу фактілері тіркеледі»

Айта кететін жайт, «Sergek Patrol» компьютерлік көру (computer vision) алгоритмдерін пайдалана отырып, жол қозғалысы кезіндегі көліктерді автоматты түрде таниды. Ақпарат дәл сол мезетте полиция қызметкерлерінің планшеттеріндегі «Sergek Qorgau» мобильді қосымшасының «Патруль» бөліміне жіберіледі. Осының арқасында кешен бағдарлауға негізделген көліктерді, соның ішінде ұрланған немесе іздеуде тұрғандарды табу үшін пайдаланылуы мүмкін.