"

«Екі күймек-бір жанға». Ата-анасынан айырылып бір күйген, еркінен айырылып екі күйген, есейгенде тегін таппай қиналып үш күйген шет ел асып кеткен қазақ балаларының тағдыры бүгін Сенатта сөз болды. Депутат Дархан Қыдырәлі шетелге сатылған балалар туралы зерттеу жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, сенатор кәмелет жасына толған балаларға қалаған жағдайда Қазақстан азаматтығын алуға көмектесу қажеттігін айтты.

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8 805 баланы асырап алған. Қазір оның 5 217-сі кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылды. Кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес. Мысалы, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар жоқ. Сол сияқты, АҚШ-тағы 104 бала, Белгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мәлімет мүлде жоқ. Талай тағдыр талқандалған 90-жылдары безбүйректер сатқандардың жарасы жазылар. Ал баланың наласы мен обалы кімге?»