Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2 қараша күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Бюро отырысы бір минут үнсіздікпен басталып, сенаторлар мен Аппарат қызметкерлері Қарағанды облысында болған төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан кеншілерді еске алды.Мәулен Әшімбаев қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға орнына арнайы барғанын атап өтті.Ел Президенті кеншілердің отбасыларымен және жақындарымен кездесіп, оларға қолдау көрсетіп, апаттың себебін анықтау үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді.