Алматыдағы автобус апаты – мегополистерде шешілмей келе жатқан ірі проблемалардың бетін ашты. Бүгін Сенат депутаты қоғамдық көліктегі қауіпсіздік, аялдаманың жоқтығы, бар болса да әбден тозығы жеткендігін айтып, парламент мінберінде көтерді. Сенат отырысынан толығырақ алдағы материалда тілшіміз баяндайды.

Бұл Сенаттың биылғы 2023 жылдағы соңғы отырысы. Депутаттар белсенді. Мектептердің жетіспеушілігі мен ірі қалалардағы кептеліс, жеке меншік сапасыз білім орталықтарының көптігін сынап, қоғам үшін өзекті мәселелерді ортаға салды. Сенатор Бибігүл Жексенбай күні кеше орын алған Алматыдаға автобус апаты жайлы айтты. Енді мұндай қайғылы жайт қайталанбас үшін ірі қалаларда «ақылы бағдаршам» жүйесі енгізілу керек дейді. Сондай-ақ, транзиттік ағынды көлік ағынынан ажырату үшін жеке жол салыну керек деген де ұсыныс айтты.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

«Өткен аптада Алматы қаласында үш адам өмірін қиған жол-көлік оқиғасы еліміздің мегаполистеріндегі шешілмей келе жатқан бірқатар өткір мәселені көрсетті. Қоғамдық көліктерде қауіпсіздік мәселесі қарастырылмаған, аялдамалардың көбісі көлік жолына тым жақын орналасқан. Мамандардың есебіне қарағанда кез-келген елде кептелістен зардап шегетіндер – көлік жүргізушілері. Олар жылына жол кептелістеріне 360 сағат немесе 45 жұмыс күніне дейін құртады екен. Онымен қоса, кептелісте жиі, әрі ұзақ тұру жанармай шығыны ғана емес, бөлінетін улы газдан өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады. Қазақстандық автокөліктердің 82,1 пайызы бензинмен жүреді. Сондықтан мегаполистердегі қазіргі жол кептелістері қатардағы жергілікті мәселелер деңгейінен шығып кетті».

Ал, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев болса, дайындықсыз келетін үкімет мүшелерін сынады.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Қайрат Бекежанұлы дайындалып келу керек. Сенатор салыққа ғана емес, дивидендтерге де қатысты сұрақ қойды. Сондықтан алдағы уақытта осындай кездесулерге дайындалып келіңіздер. Бұған дейін сұрақ қойған Алишер Сатвалдиевтің сауалына да жазбаша жауап беремін дедіңіз. Енді осы мәселенің де өз министрлігіңізге еш қатысы жоқ екенін айтып отырсыз. Сіз бүгінгі отырысқа Үкіметтен бас спикер ретінде шақырылдыңыз. Сондықтан әріптестеріңізбен мәселелерді алдын-ала талқылап, цифрларды талдап, тыңғылықты дайындалып келуіңіз керек еді».

29 желтоқсаннан бастап сенаторлар халықты алаңдатқан мәселелерді тыңдау үшін өңірлерге аттанады.