Алматыда ертеңгісін басталған жауын үзіліспен әлі жауып тұр. Синоптиктердің болжауынша, нөсер үш күн тоқтаусыз жауады.

Алматыда күн райы бұзылды. Жел соғып, күн күркіреп, найзағай ойнады. Көктөбе телемұнарасын найзағай соқты. Оны  қала тұрғындарының бірі видеоға түсіріп алған. Оңтүстік астанада жауын жиі жауатын болды. Нөсер жауын қала көшелері мен жаяу жүргіншілер өткелдерін басып қалды. Арықтарға су толып, сыртқа тасып жатыр. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жауын-шашын кезінде мотопомпа, шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригада кезекшілікке шықты.

Сондай-ақ 2500 қап құм дайындалады.Күндіз жауын-шашын кезінде барлығы 465 бірлік арнайы техника, 28 мотопомпа және 810 жұмысшы шықты. Ал түнгі уақытта 236 бірлік арнайы техника және 215 жұмысшы жұмылдырылады. Құтқарушылар күн райының бұзылуына байланысты жүргізушілерге көліктерін ағаштың түбі мен жол жиектеріне қоймауға шақырды.