Қыс қаһарына мініп, аяз күшейіп тұрса да, ескертуге құлақ аспай, алыс жолға шығатын адамдар қатары азаяр емес. Соңғы үш күннің ішінде еліміз бойынша мыңнан аса адам құтқарылды. Олардың арасында балалар да бар. Барлық өңірде полиция қызметкерлері, құтқарушылар және жедел-жәрдем бригадасы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кей аймақтардың жолдарында патрульдік экипаждар саны 2-3 есеге дейін көбейген.

«12 облыста халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар барлық жол учаскелері жабылды» - деп 112-ден смс хабарлама жіберілген. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «қатты аяз, жолға шықпаңыздар»- деген ескерту айтылған. Деседе, жанармайы таусылып жолда қалған көліктер мен көмекке зәру адамдар көп.

Абай облысында да жағдай мәз емес. Мұнда да қатқан көлік, тоңған адам. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар келіп көмек көрсетуде.

Қостанай облысында да жағдай осы. Егер жолда қалып, көмек керек болса, мамандар халыққа бірден 112 нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.

Ал, Қызылордалық тәртіп сақшылары далада қалған автобусқа көмектесті. Ондағы жолаушылардың көбі Өзбекстан азаматтары. Олар Қазақстандық полицейлерге дән риза.

Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды облыстарының тас жолдарында да жағдай тура осындай.

Ауа райының күрт өзгеріп, жел тұрып, көктайғақ болуына байланысты полиция қызметкерлері Қазақстан тұрғындары мен қонақтарын аса қажеттілік болмаған жағдайда алыс сапарға шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өзіңіз бен өзгенің өміріне қауіп төндіруі ықтимал іс-әрекеттерден сақтануды сұрайды.