Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғыны Эльдар Алимкиннің үйінде азаматтық қорғаныс құралдарының түр-түрі бар. Покровка ауылының азаматы 70-80 жылдарға тиесілі 40-қа тарта жәдігерді жинаған. Оның көпшілігі бүгінде сирек кездеседі.

Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі Эльдар Алимкиннің үйін бейне бір музей дерсің. Мұнда радиациялық қорғаныс құралдары, дозимерт, жауынгердің химиялық қорғаныс костюмінің жиынтығы, каска, тіпті осы салаға қатысы бар деген небір оқулықты да кездестіресіз. Коллекциядағы ең ерекше экспонат – газтұтқыш. Жәдігерлер арасында оның 20-ға жуығы бар. Бәрі көне, өзінше ерекше. Топтама иесінің осындай көненің көзін жинауы бекер емес. Коллекционердің пікірінше, бұл - патриоттық тәрбиенің құралы, тарихтың бір бөлшегі.

ЭЛЬДАР АЛИМКИН ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Мұндағы әр экспонаттың орны бөлек. Өзім тарихқа қатты қызығамын. Сондықтан коллекция жинаймын деп шештім. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, өзім сияқты ерекше әуестігі бар жандармен таныстым. Олар да маған көмектесті. Экспонаттардың басым бөлігін Ресейден алдырттым. Мынау - азаматтық бесінші противогаз. Мұндай газтұтқыштарды тұрғындар биогаздан қорғану үшін қолданылған. Тыныс алу жолдары мен көзді, бет терісін толығымен жауып тұрады».

Эльдар әр жәдігер жайында қызыға айтады. Ұшқыштарға арналған газтұтқыш мәселен теріден жасалған, ол ұзақ уақыт киюге ыңғайлы. Енді бірі ракеталық әскер жауынгерлеріне, үшіншісі азаматтық тұлғаларға арналған. Әр модельдің өз ерекшелігі бар.

ЭЛЬДАР АЛИМКИН ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «40-50 жылдардың басында Америка университеттерінің бірінде осы газтұтқышты шығара бастады. Бұл өте сирек кездеседі. Былай қарасаңыз Америкалық қорапсыз противогаздың көшірмесі.

Сондай-ақ, мектеп оқушыларына, 2 жасар балаларға арналған газтұтқыштар да бар. Кейбірін сатып аламын, енді бірін достарым, таныстарым сыйлап жатады. Ал мынау құрал «ДП 5Б» деп аталады. Бұрын рациация орнын анықтау үшін қолданылған».

Қазірдің өзінде жәдігерлерге қызығушылық танытып, көруге келетіндер қатары аз емес. Болашақта Эльдар Алимкин топтамасын толықтырып, музей ашуды көздеп отыр.