Теңге тағы құнсыздана ма? Ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін ұлттық экономика министрлігінің алда қандай жоспары бар? Бүгін Сенат отырысында жоғары палата төрағасы Мәулен Әшімбаевты осы сауал мазалады. Одан бөлек депутаттар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында бірқатар мәселелерді көтерді. Толығырақ алдағы бейнематериалда. 

«Ұлттық қор – балаларға» жобасына бүгінде, соңғы деректер бойынша 7 миллиондай бала қатысуда. Ал, олардың нақты биыл қаншасы 18-ге толатыны әлі есептелмеген. Бірақ, ол балалардың қанша сома алатыны белгілі. Биыл кәмелет жасына толған әр бала 120-дан 130 долларға дейін қаражат алуға құқылы. Басты сұрақ: шоттағы қаражат инфляциядан қорғалған ба?

НҰРТӨРЕ ЖҮСІП ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің жартысы 18 жасқа дейінгі барлық балалар арасында жыл сайын бөлінуі тиіс. Аталған бағдарлама аясында биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап Ұлттық қордан алғашқы қаражат Қазақстан азаматтары болып табылатын барлық балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарына аударылды. Бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысуда. Осыған байланысты менің сұрағым: Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту оның активтеріне қалай әсер етеді? «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуына әсері қандай? Біз болашақ балаларымыздың қалтасына қол сұғып жатқан жоқпыз ба? 2024 жылдың және алдағы жылдардың қорытындысы бойынша әр балаға қандай сома аударылмақ? Бұл шоттағы қаражат әлемдік экономиканың өзгеруіне және инфляциялық үдерістерге байланысты құнсызданудан қалай қорғалады?».

МӘДИ ТӘКИЕВ ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:«Өзіңіз айтып кеткендей, балаларға арналған ұлттық жоба биыл бірінші рет іске қосылды. 1 ақпанда 7 миллионға жуық балаға 100 доллар 52 центтен есептеп салдық. Бүгінде ол доллармен есептеледі. Екіншіден, ол сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан ол өсіп отыр. Енді инвестициялық кіріске келсек, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Енді келесі жылы жалпы 3 пайызға инвестициялық өсім болады деп болжамдап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз».

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:«Жалпы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында әр балаға 130 доллардан есептеледі. 1 қаңтарға дейін дүниеге келген балалар мен 18 жасқа толғандарды есептеп, қосымша ақпаратты береміз. Ал инфляциядан қорғау шараларына келсек, бұл қаражат доллармен сақталады, сондықтан оның құнсыздану қаупі төмен» .

 Ал, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев болса, теңге тағы құнсызданбас үшін үкіметтің алдағы жоспарын сұрады. Жауап мынадай: 

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:«Сіздер білесіздер, қазір бюджеттің даму бюджеті дейміз ол бар болғаны 2 трлн теңге. Оның үштен бір бөлігін ауыл шаруашылығына жіберейін деп отырмыз. Біздің басты сүйенетініміз ол шетелден келетін валюталық инвестиция. Сол арқылы біз өз тарапымыздан осы жұмысты тиісті деңгейде жүргізіп, шетелдік инвестиция біздің ішкі валюта нарығы арқылы өтеді. Осылайша, біз нарықтағы валюта көлемін ұсыныс көлемін көбейтуге ат салымыз. Біздің басты мақсатымыз осы».

 Ұлттық экономика министрі келесі жылы елімізге шетел валютасында инвестиция тарту көлемі күрт көбейеді деген сенімде. Соның арқасында теңгені құнсызданудан сақтамақ жоспары бар. Айта кетейік, ақша айырбастау пункттерінде бүгін 1 доллар 525 теңге 11 тиыннан сатылып жатыр.