Былықтың бәрі басшыдан. Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы жемқор. Пара алғандардың 70 пайызы бөлім басшылары. Статистика осылай дейді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Асхат Жұмағали айтты. Ал, төтенше жағдайлар министрі болса, бұл жаға ұстатарлық жағдай дейді.

СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ

«Бұл біздің қызметкерлер үшін жаға ұстатарлық жағдай. Аталған адамдар белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген үздік қызметкерлердің қатарынан болатын. Дегенмен осы жағдайда олардың біз білмеген теріс қасиеті – екіжүзділігі әшкереленді. Айтылып өткен деректерге қатаң сынмен қараймыз. Бұдан біз тиісті сабақ аламыз, қарапайым өрт сөндірушілер бізге сеніммен қарауы керек».

Айта кету керек, соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алған. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі. Анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым.