"

Тозған вагондар мен пойыздардың кестеден кешігуін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сынға алды. ҚТЖ қызметіне қатысты шағым көп деген премьер-министр жауапты органға бұл олқылықты тез арада жоюға тапсырма берді. Айта кетейік, Қазақстанда пойыздардың 52 пайызы нашар хәлде, әбден тозған.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: «Қазіргі уақытта теміржолда жолаушыларды тасымалдайтын 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді (ҚТЖ және 12 жеке). Облыстардың бөлінуіне байланысты, биыл қала маңындағы бағдардан 2 жаңа облысаралық бағыт құрылды: Алматы – Қонаев, Қарағанды – Жезқазған. Бұл шаралар халықтың барлық тобы үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда пойыз билеті бағасының орташа құны – 8 мың теңге».

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қазақстан темір жолының» қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түседі.  Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар – мұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді. Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары. Бізде осы өнімдерді шығаратын көптеген ірі кәсіпорындар бар, бірақ отандық өндірушілер сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Осы орайда шетелдік серіктестерге жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Негізінде, отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді».

Жақында «Алматы-Астана» бағыты бойынша қосымша пойыздар іске қосылады. Себебі, осы бағытқа сұраныс аса жоғары. Билет тапшылығына ұрынбау үшін, жауаптылар халықтан сапарын алдын-ала жоспарлауға кеңес береді. Билеттер 40-45 күн бұрын сатылымға шығады деді ҚТЖ басшысы.