Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барды. Үргеніш қаласының әуежайында Қазақстан Президентін Шавкат Мирзиёевтің өзі қарсы алды.  

Бауырлас елдің Қазақстан Президентіне деген құрметін әуежайдан қарсы алу шарасынан -ақ байқауға болады. Өзбек елінің басшысы, Қазақстан Президентіне ерекше ілтипат білдіріп, өздерінің салт-дәстүрінен сыр шертетін концерттік бағдарламаны бірге тамашалады. Сапар аясында екі ел басшылары бейресми кездесу өткізіп, Хиуа қаласындағы кәсіпорындар мен мәдени нысандарды бірге аралап көру жоспарланған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевпен бірге Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын кілем тоқу фабрикасын аралап көрді. Іргесі 1977 жылы қаланған кәсіпорынға жаңа инвестор толықтай реконструкция жасаған. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын төрт цех жұмыс істейді.Мемлекеттер басшыларына акрилден иірілген жіп өндіру цехы, кілем тоқу цехтары және дайын кілем үлгілерінің шоу-румы көрсетілді.Кәсіпорын директоры Камол Абдуллаевтың айтуынша, фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, ҚХР мен АҚШ-қа экспортқа шығарылады.