Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді додалы тартыстағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі».

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты. Президенттің айтуынша, Париждегі бәсеке олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдау маңызды екенін көрсетті. Өйткені кейбір спортшыларымыз жеңіс тұғырына қолсозым жерден тоқтады, үздік ондықтан көрінді. Бұл олардың шеберлігін әрі жеңіске деген ерік-жігерін байқатады. Әйтсе де, Мемлекет басшысының пікірінше, кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелер де баршылық. Соның бірі бапкерлер мектебінің дұрыс қалыптаспауы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет 

Президент Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға сәттілік тілеп, Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттады. Сонымен қатар салтанатты жиында Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов, байрақты бәсекенің қола жүлдегерлері, мерген Александра Ле мен боксшы Назым Қызайбай сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.