Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурға жасаған мемлекеттік сапар аясында «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыды. Президент жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі орта державалардың атқаратын рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті. 

1980-жылдардан бері Юсоф Исхак институты (ISEAS) ұйымдастырып келе жатқан Сингапур лекциялары – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң. Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, өзінің өмір жолында Сингапурдың айрықша мәні бар екенін атап өтті. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Мен көп жыл бұрын осы елде жас дипломат ретінде қызмет еттім. Осынау асқақ рухты мемлекеттің тамаша табыс жолынан жаңылмай келе жатқанын өз көзіммен көру үшін Сингапурға тағы да келгеніме қуаныштымын. Елдің негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген Сингапурдағы әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналды. Сіздердің еліңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіреді. Расында, Сингапурда өткізген жылдарымда табандылық пен жаңашылдықты үйрендім. Бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымымның қалыптасуына әсер етті».

Шара аясында Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістер жөнінде айта келіп, «Әділетті Қазақстан» және Премьер-министр Лоуренс Вонг ұсынған «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсас екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвестициялық саясат және экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

Оның пікірінше, географиялық алшақтыққа, жер көлемі мен тарихындағы айырмашылықтарға қарамастан, Қазақстан мен Сингапурдың көптеген құндылықтары ортақ әрі ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Сингапурдың аға министрі – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хинді қабылдады.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тео Чи Хин екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын талқылады.Қазақстан Президенті Астананың сенімді диалогқа, берік сауда және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға негізделген екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашуға дайын екеніне тоқталды.Өз кезегінде Сингапурдың аға министрі Тео Чи Хин Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеу институтына келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол әлеуметтік-саяси үрдістерді, өңірдегі қауіпсіздік мәселелерін және экономикалық жағдайды зерттеуде Қазақстан Президентінің дәрісі өзекті саналатынына тоқталды.