Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, құрмет көрсеткені әрі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін тәжік тарапына және Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты, сондай-ақ форумға қатысып отырған БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Кахи Имнадзеге ілтипат білдірді.Президент өз сөзінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған мерейтойлық саммиттің символдық мәні бар екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады. Бұған қоса халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін танытатын аймақтық ынтымақтастықтың санаулы әрі табысты механизмдерінің бірі. Тәжікстан мен Нидерландының төрағалығымен жарты ғасырға жуық уақыт ішінде алғаш рет Нью-Йоркте БҰҰ-ның Су жөніндегі конференциясы өтті. Бұл біздің аймақ үшін айтулы оқиға екені даусыз. БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінберінен Аралдың болашағы туралы Орталық Азия өңірінің біртұтас үні естілді. Орталық Азия мемлекеттерінің бірлескен мәлімдемесі ұсынылды».

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушылардың назарын аймақ алдында тұрған бірқатар сын-қатерлер мен проблемаларға аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады».

Президент аймақтағы барлық елдің мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектің Қорды жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалап, Қырғыз Республикасын қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болуға шақырды.Президент сөзін қорытындылай келе, тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймақтың тұрақты дамуы, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқаты қамтамасыз етілетінін атап өтті.Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының аясындағы жоғары деңгейдегі келесі кездесуді еліміз бастамашы болған БҰҰ шеңберіндегі Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.