Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жас түркітанушылар мен түркі әлеміне қызығушылық танытқан білім алушы жастарға арналған «Neotürk: ғасырлар мен технологиялар тоғысында» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ауқымды шара түркітану ғылымының заманауи бағыттарын саралап, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыруды мақсат етті.

Конференция барысында Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия, Ресей сынды елдерден келген белгілі түркологтар мен жас зерттеушілер түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын іздеудің өзекті мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың түркітану ғылымына ықпалы, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ғылыми зерттеулерде пайдалану, тарихи жазба ескерткіштерді цифрлы форматқа көшіру сынды өзекті тақырыптар кеңінен қарастырылды.

АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ МӘДЕНИЕТІ МЕН МҰРАСЫ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Конференция нәтижесінде түркі дүниесінің ортақ мұрасын жаңаша зерделеудің ғылыми негіздері айқындалып, келешек зерттеулерге бағыт-бағдар беретін тың идеялар ұсынылды. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде академик, көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуәли Қайдар атындағы Халықаралық түркі мәдениеті және мұрасы орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл орталық – түркі дүниесінің ғылыми, мәдени және тарихи мұрасын терең зерттеуге, насихаттауға бағытталған іргелі ғылыми-мәдени кеңістік болып табылады.

РАУШАНГҮЛ АВАКОВА ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ ТҮРКІТАНУ ЖӘНЕ ТІЛ ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ,ПРОФЕССОР

Академик Әбдуәли Қайдардың атына ашылған аудиторияға “Арыс” баспасының директоры, Әбдуәли Қайдардың шәкірті филология ғылымдарының докторы, әйгілі алаштанушы, қазақ тіл білімінің антологиясын құрастырушы, Ғарифолла Әнестің атынан 100 кітап сыйланды. Құнды кітаптарды “Арыс” баспасының ісін жалғастырушы Үміт Әнесова жеке келіп табыстады.Бұл өз кезегінде ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға қол жетімді болмақ.