Түркістанда арақ ішілмесін және сатылмасын. Осыны заң аясында реттеп алу керек. Себебі, ол киелі мекен, қасиетті жер. Бүгін мәжілісте Түркістан қаласына қатысты заң жобасы қаралған уақытта депутат Ардақ Назаров осындай ұсыныс ұсынды. Жалпы Түркістан қаласы алдағы жылдары қалай өзгереді? Ол өзгерістердің халыққа пайдасы бола ма? Толығырақ алдағы бейнесюжетте. 

Парламент мәжілісінің депутаттары Түркістан қаласына қатысты заң жобасын талқылауда ерекше белсенділік танытты. Депутат Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрациясына ақша бөле бергеннен гөрі шетелден мамандар шақырту керек деп санайды. 6 ғасыр тұрған кесене аяқ асты қабырғасы тұзданып, төбесі көгеріп, суы ағып жатыр, соның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылу қажет деп санайды. Одан бөлек, депутат қолөнершілер базынасын жеткізді. 

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ 
«Түркістандағы қолөнершілердің жүздеген арыз-шағымы біздің алдымызда жатыр. Енді мына заң жобасының аясында олардың шығыны бюджеттен өтелетін болды. Бұл да жақсы. Дегенмен баяғыда сол қолөнершілердің әдемі салынған керемет орталығы болған. Оны да сенімгерлікке беріп, қонақ үй саламыз деп быт-шытын шығардық. Соңында баратын жер таппай қалды. Орталықтағы музей де толыққанды елдің игілігіне жұмыс істеп жатқан жоқ. Бәріңіз білесіздер, барлық облыс Түркістанға бір-бір нысан, ғимараттан тарту еткен. Олар сенімгерлікке берілді. Сенімгерлікке берілмесін деген заң жоқ. Бірақ ол өзін-өзі қаншалықты ақтады. Бюджетке қандай пайда әкеліп жатыр? Осы тұрғыда да біраз дау болған. Енді әкімдіктің құзыретін заң аясында кеңейтіп жатырмыз. Осыны тексеріп, рейд жүргізген дұрыс сияқты. Бұл жекелеген адамдарды байытып жатыр ма әлде шынымен қайсысының бюджетке табысы бар... Болмаса мемлекетке қайтару керек».

Ал, депутат Ринат Зайытов болса, қазақшаланған заң нұсқасын сынап, «Түркістанға елтаңба» беріледі деген тіркеске шүйлікті. 

РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ 
«Бәлкім, дұрыс оқымаған шығармын. Түркістан қаласының елтаңбасы болады дейді. Менің түсінігімде елтаңба деген Қазақстанда біреу-ақ. Әлде Түркістан басқа мемлекет болып бөлінейін деп жатыр ма? Осы жерін анықтап беріңіз. Содан кейін сіздердің заңдарыңызда бір керемет сөз бар екен. Мен бұрын-соңды естімеген. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты тұрақты инспекциялауға, сосын озыңқы күтімге деген не деген сөз? Екінші бапта мынандай сөз бар. Тарихи-мәдени рухани объектілердің киелілігін сақтау деген не ұғым бұл? Қалай сақтаймыз киелілікті? Кие деген Құдайдан келмеуші ме еді?»

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ  ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ 
«Қазақша атауларға келетін болсақ, бұл жерде әрине синоним сөздер де болуы мүмкін. Мұнда "елтаңба" деген сөз жоқ, "нышан"деген сөз бар. Ол қаланың нышаны, яғни эмблемасы. Ал "киелілікті сақтау"ол заң жобасында оның маңыздылығын атап өту үшін жасалған деп ойлаймын. Түркістан киелі жер, онымен ешкім дауласпайды. Осыны қағидат ретінде ала отырып, қалаға неге ерекше мәртебе беріп жатырмыз. Оның басты себебінің бірі – Түркістанның еліміздің рухани өміріндегі орны ерекше. Қазір уақыт бар, егер сөздерді ауыстыру керек болса, біз дайынбыз».

Енді бір депутат рухани астанада арақ сатып, ішімдік ішуге заңмен тиым салуды ұсынды. Шет елден келген қонақтар алдында «абыройлы» болуымызды алға тартты. 

АРДАҚ НАЗАРОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ 
«Осыдан 1-2 жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Түркістан – арақсыз қала. Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, "ләйліп" көшеде жүруге тыйым салсақ... Өйткені Түркістан рухани астанамыз болғандықтан бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Шетелден көп қонақ келгенде біздің азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында "Арақсыз қала", "Рухани қала" деп араққа тыйым салуға бола ма?»

БЕЙСЕНБАЙ ТӘЖІБАЕВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша 30-дан астам ауыл қосылып отыр. Бұл бастама Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, әртүрлі қоғам белсенділерімен талқылаулар түрлі форматта өткізілген. Дегенмен Түркістан қаласының негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе де орынды».

Айта кетейік, жаңа заңға сәйкес, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігі бюджеттен өтеледі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылыс шектеледі. 
Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді. Мақсат - құрылыстың бірегейлігін сақтау. Айтпақшы, келешектегі ғылыми реставрациялық жұмыстар үшін ғылыми жобалау құжаттамасы әзірленген. Яғни, алда кесенеге жасалатын реставрациялық жұмыстар жалғасатын болады.