Бүгін Жамбыл атындағы  Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мен  Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының 90 жылдығы және  Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай суретші студент жастардың өнерін насихаттау мақсатында  Филармония жас суретшілер көзімен атты пленэрлік көрме ұйымдастырылды.Толығырақ тілші бейнематериалында.

26-30 мамыр аралығында ұйымдастырылған пленэрде екі өнер колледжінен іріктеліп алынған 10 студент ғасырға жуық тарихы бар филармония ғимаратының іші мен сыртқы көрінісін өзіндік көзқарастарымен композицияларын  ұсынды. Жас суретшілердің салған шығармашылық туындылары  филармония фойесіне қойылып, атаулы мерейтойлар тақырыбында көрме жасалды.

АБЗАЛ ҚУАНЫШҰЛЫ ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ФИЛАРМОНИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мақсатымыз-жастардың өзі айтып тұрғандай Филармония жас суретшілердің көзімен.Бұл жерде біз еркіндік бердік студенттерге.Студент жастар өздерінің еркімен қалай ойлайды, әр студент өздерінің өнерін ортаға салды.Жаман емес, жақсы.Бүгін ортамызға келіп үлкен ұстаздарымыз ҚР –ның суретшілер одағының мүшелері келіп өздерінің бағаларын беріп жатты, балаларға ақылдарын айтып жатты.Біздің мақсатымыз осы- олардың өнерін ұштау, келешекте жастарды қолдау».

Шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Сырлашұлы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серікбай Әлжанов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Жұмақын Қайрамбаев, кескіндеме өнерінің қайраткерлері жас суретшілердің туындыларын бағалап, шығармашылық шабыт сыйлады.

БОЛАТ СЫРЛАШҰЛЫ Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ  ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ  ПРОФЕССОРЫ «Бізде қазір жас буын осы өнерге деген қызығушылығы, ол өнер деген барлық кезде жастарды тәрбиелейді ғой. Сондықтан бұл жерде тәрбие жүріп жатыр.Себебі бұл жерде табиғатты аялау жалпы мынау мәдениет дейміз, өзіміздің еліміз соның бәрін олар сезіп және соны жоғары деңгейде өздерінің көзқарасымен бейнелеп отыр екен.   Жалпы бейнелеу өнері халқымыздың жалпы өнерге деген көзқарасы өзгеріп үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын».

"Филармония жас суретшілер көзімен" жобасы – мәдениет пен өнер саласындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың және жас дарындарды қолдау ісінің бір бағытының айқын көрінісі. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында қара шаңырақта әлі де игі бастамалар жалғасын таба бермек.