Чилидің ормандарында басталған өрт енді, Винья-дель-Мар және Вальпараисо теңіз жағалауындағы қалаларға да жетті. Жалпы алғанда, миллионға жуық адамға қауіп төніп тұр.
Тілсіз жаудың тәлкегінен бірнеше күннің ішінде 112 адам қаза тауып, жүздеген адам із-түзсіз жоғалды. Көптеген қарт адамның үйлерін өрт жалмады. Сондай-ақ, өртке оранған қаладан қашпақ болған тұрғындар көліктерімен шықпақ болып, өрт қақпанына түсіп қалған. Биліктегілер құрбандар саны артады деп отыр. Елде екі күндік қаралы күн жарияланды. Өрт салдарынан мыңдаған үй жанып кетті. Вина-дель-Мар қаласындағы ерлі-зайыптылар Серхио мен Мария 30 жыл бойы жеке үйі мен шеберханаларында өмір сүріп келген. Енді шаңырақтарының орнында тек қоқыс пен бұралған металл қалдықтары тұр.
СЕРХИО ЭСПЕХО ВИНА-ДЕЛЬ-МАР ТҰРҒЫНЫ:«Бұл менің ыстық шеберханам. Енді біз ештеңесіз қалдық. Қасықтап жинағанның бәрі қас қағым сәтте жоқ болды».
Кейбіреулер апаттың өртке ұқсамайтынын, ол керсінше ядролық жарылысқа көбірек ұқсайтынын айтады.
ХУАН КОНТРЕРАС ВИНА-ДЕЛЬ-МАР ТҰРҒЫНЫ: "Бұл менің ас үйім. Бұл жерде кір жуғыш машина болған. Ал, мынау жуынатын бөлме, мұнда душ пен дәретхана болды. Мына жақта жатын бөлме болды, сонымен қоса тағы басқа жатын бөлме мен қонақ бөлме, асхана бар болатын".
Жексенбі күнінің өзінде 30-дан астам өрт шықты. Чили Президенті бұл жағдайға бей-жай қарамай, өртпен күресу және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қосымша күштермен төтенше жағдай жариялады. Құтқарушылардан бөлек, 1300 әскери қызметкер жұмылдырылған. Апатты аймақтарда коменданттық сағат жарияланды.
ГАБРИЭЛЬ БОРИЧ ЧИЛИ ПРЕЗИДЕНТІ:«Өрт тез таралуда. Ыстық ауа-райы жұмысқа кедергі туғызып тұр. Желдің жылдамдығы сағатына 30 шақырым, екпіні 60-қа дейін жетеді. Қазір ылғалдылық та төмен. Егер сіз эвакуация туралы нұсқаулары бар хабарлама келсе, бұл эвакуациялау керек дегенді білдіреді».
Бұл апат Чилидегі жер сілкінісі мен цунами салдарынан 800 адамның өмірін қиып, 1200 адам із-түзсіз жоғалып кеткен 2010 жылдан бергі ең қанды оқиға болды.