Шымкенттің экс-әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы 5 тәулікке қамалды. Бұл туралы Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады. Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Дана Атешова есімді келіншек бұрынғы күйеуі мен оның сенім білдірген адамдары оны үйден күштеп шығаруға тырысқанын хабарлады.
Бұл бейнежазба қоғамда үлкен резонансқа ұласты. Бұған дейін де Атешова бұрынғы күйеуіне бірнеше рет шағымданған. Онда ол бұрынғы күйеуін Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы екенін айтады. Соңғы тараған бейнежазбадан кейін сот келіншектің бұрынғы күйеуін 5 күнге қамауға шешім шығарды. Деректе іс әкімшілік бап бойынша қаралғаны жазылған. Яғни істің мән-жайы бойынша, құқық бұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған. Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол бұрынғы жұбайы оның өтініші бойынша балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермегенін түсіндірді. Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан.
Ол әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын атап өтті. Ал жәбірленуші бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде заңсыз жүріп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген. Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, 5 тәулікке қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.