Бүгін кинорежиссер, Қазақстан мен КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл! Даталы күнге орай,Мемлекеттік орталық музейде Қазақ киносының жарық жұлдызына арналған мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шарада Ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына бар ғұмырын арнаған Шәкен Аймановтың өмір жолынан сыр шертіліп, көзін көрген тау тұлғалар ескірмейтін естеліктерімен бөлісті.  

НҰРЖҰМАН ЫҚТЫМБАЕВ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ  «Шәкен аға – пейілі кең, қолың кең адам болатын. Шашып, төгіп жүретін. Маңайында топырлап біз жүретінбіз. «Әй, қалқан құлақ! Жина жігіттеріңді. Жүрсін бізбен» деп жүретін. Сондай кең пейіл ұстаз болатын. Бұл кісінің 2 қасиетін көп жұрт біле бермейді. Бұл кісінің ақындығы бар болатын. Музыка жағын өте жақсы түсінген адам. Композиторлығы да болатын. Импровизация, ақындық қасиеті де болатын».

Шара аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорындағы Шәкен Аймановтың фотоматериалдары, марапаттары, жеке заттарынан құрылған шағын көрме ұйымдастырылды. Көрмеден орын алған көрнекті экспонаттардың қатарында Ш. Аймановтың «Алдар көсе» фильміне түскенде қолына ұстаған асатаяғы, өзі шерткен домбырасы, шахмат тақтайшасы, түсірілім алаңында пайдаланған рупр, сондай-ақ 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі түсірілген камера, киімдері, қаламсаптары мен үстел сағаты секілді  т.б ерекше жәдігерлер бар.

АЗАМАТ САТЫБАЛДЫ Ш.АЙМАНОВ АТЫНДАҒЫ «ҚАЗАҚФИЛЬМ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ «Сусындаған, сағынған көрермендердің сағынышын басу үшін, осындай тамаша мереке жасап жатырмыз. Бұның барлығы әруаққа деген, ұлы тұлғаға деген тағзым деп білемін. Шәкен аға тек қана қазақ фильмнің ғана емес, қазақ халқының, еліміздің мақтанышы. Артынан өлместей із қалдырып кеткен».

Алдағы уақыттарда тарихта алтын әріптермен қалған тау тұлғаға арналған үлкен жобалар күтіп тұр. Жарқырап жанған жарық жұлдыздың сәулесі мәңгіге жана бермек!