2025 жылғы 12 қыркүйекте Ғылым ордасында Алматы қаласындағы Түркия Республикасы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Түрік тарих қоғамы өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – Түрік тарих қоғамы шығарған ғылыми еңбектерді қазақстандық ғылыми ортаға кеңінен таныстыру және екіжақты академиялық ынтымақтастықты дамыту болды.
Іс-шараға Түрік тарих қоғамының төрағасы Юксел Өзген (Yüksel Özgen), Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз (Ayhan Korkmaz), «Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары Азамат Нұршанов, Түрік тарих қоғамының өкілдері және Орталық ғылыми кітапхананың қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында қонақтар Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорын аралап, қазақ ғылымының қара шаңырағы саналатын Ғылым ордасының тарихи мұрасы мен мәдени құндылықтарымен танысты. Сондай-ақ Юксел Өзген кітапхана қорына түркі халықтарының тарихы, мәдениеті мен өркениетіне қатысты құнды деректерді қамтитын 1000 ғылыми еңбекті сыйға тартты. Бұл басылымдар кітапхана қорын сапалы ғылыми әдебиеттермен толықтырып қана қоймай, Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланысты нығайтуға да елеулі үлес қосты.
«Бұл кітаптар – ғылыми қауымдастық үшін құнды қазына. Олар жас ғалымдар мен зерттеушілерге жаңа деректермен жұмыс істеуге ғана емес, түркі дүниесін жан-жақты зерттеп, өркениетіміздің бай мұрасын тереңірек тануға да кең мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастық екі елдің ғылыми байланысын нығайтумен қатар, болашақ ұрпаққа ортақ рухани мұра қалдыруға қызмет етеді», – деді Азамат Нұршанов.
Аталған іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, жас зерттеушілер мен ғалымдарға тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми қауымдастық арасындағы әріптестікті кеңейтуге ықпал етті.