Бүгін Қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады.Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы 73 жасында дүниеден өтті.

Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.Алғашқы еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастады. Ақынның үлкен бір ерекшелігі  балалар тақырыбына арнап өлеңдер де, керемет толғап лирикада жазды. Жиырмаға жуық эпикалық дастан қалдырды.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП ҚЖО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Мұндай көп дастан жазған ақын бізде жоқ осы қазіргі қазақ поэзиясында. Ол кісі біздің тарихи тұлғаларымызды тірілтті. Еңбегінің бағаланғанын да көрді. Әрине мұндай үлкен ақынымыздан айырылу жүрегімізге салмақ салып отыр. Қабырғамыз қайысып отыр».

Несіпбек Айтұлы аударма саласында да орасан зор еңбек сіңірген тұлға.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП ҚЖО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ол кісі мына Науи өзбектің ұлы ақынының Ескендір қорғаны деген дастанын, Ләйлі мен Мәжнүн дастанын аударды. 7 ғасырда өмір сүрген түріктің ұлы ақыны Жүніс Әміренің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады.

 ҒАЛЫМ ҚАЛИБЕКҰЛЫ ҚЖО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ-АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ:«Мынау 1972 жылы М.Мақатаевтың ақ батасымен Жас Алаш газетіне топтама өлеңдері жарияланды да содан бері қарай үзіліссіз әдебиетке қара өлеңге қызмет жасады. Қаншама жыр кітаптарын,жыр жинақтарын өмірге әкелді.Бұл кісі Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді».

Көзін көріп,тәлімін алған, ізін басқан інілері марқұмның туған -туыстарына қайғырып көңіл айтты.

БАУЫРЖАН ЖАҚЫП ҚЖО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қазақ халқына көңіл айтамыз. Отбасына,жеңгемізге,сол үйдегі азаматтарға,барша әдебиет сүйер қауымға көңіл айтамыз».

ҒАЛЫМ ҚАЛИБЕКҰЛЫ ҚЖО БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ-АППАРАТ ЖЕТЕКШІСІ:«Жатқан жері жайлы,топырағы торқа болсын».

Ақынды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі  18 қазан күні Астана қаласында ұлттық пантеонда орын алмақ.