2020 жылдың қараша айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жоюды жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясы қабылданған болатын. Жатыр мойны обыры - бұл алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік.Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қандай қатерлі індеттер көш бастап тұрғаны айтылды.

Алматы онкологиялық орталығының есебінде 31 мыңнан астам пациент бар. Қатерлі ісіктерден болатын өлім - жітім үш жылда-12,4% төмендеген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша есепке алынған 5491 науқастың 125-де ауру асқынған кезеңде анықталған.

НҰРСҰЛТАН ІЗБАҒАМБЕТОВ АЛМАТЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында республикада жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және тоқ ішек обыры бойынша скринингтік бағдарламалар жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша скрининг кезінде қатерлі ісіктің 298 жағдайы анықталды. Барлық пациенттер мамандандырылған емдеумен қамтылған».

Ұлттық Онкологиялық тіркеу деректері бойынша Алматыда жатыр мойны обырының 55% - ы бірінші кезеңде тіркеледі. Дәрігерлер жатыр мойны індетін ерте анықтау скринингтік бағдарламаның арқасында алдын алғанын тілге тиек етуде.

РАЙХАН БОЛАТБЕКОВА АЛМАТЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОНКОГИНЕКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Қазақстан Республикасында жатыр мойны обыры тақырыбы денсаулық сақтау саласында өзекті болып табылады. Жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдайы анықталады және осы аурудан 600-ге жуық өлім-жітім тіркеледі. Бұл дерт онкологиялық аурулар бойынша екінші орында. Біз 20-30 жас аралығындағы жас әйелдерде жатыр мойны обыры қатерлі дертін жиі тіркейміз».

Жалпы Алматы онкологиялық орталығында айтулы обырмен есепте 2522 әйел тұр. Сол себепті, осы жылдың күзінен бастап Алматыда ата-анасының келісімімен 11 жасар қыздарды папиллома вирусына қарсы вакцинациялау басталады Бұл ДДҰ-ның Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жатыр мойны індетін жоюды жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі.

РАЙХАН БОЛАТБЕКОВА АЛМАТЫ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОНКОГИНЕКОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Жаппай вакцинацияның негізгі контингенті - 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл жас қыздарға жыныстық өмір басталғанға дейін жаппай вакцинациялау мақсатында таңдалды, өйткені жыныстық өмірде 10 жасынан бастаған жағдайлар да бар. Ең дұрысы, әйелдер жыныстық қатынас басталғанға дейін вакцина алуы керек. ДДҰ вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынады, ал АҚШ-та 45 жасқа дейін алу ұсынылады".

Қаңтар - жатыр мойны обыры туралы хабардар ету айы. ПВИ вакцинациясын жүргізу елімізде айтулы ауруға шалдыққандардың қатарын 74,2% - ға төмендетуге мүмкіндік береді.