Алматының Түрксіб ауданында қамқоршылықтағы балалардың ата-аналарына арналған ерекше шара өтті. №211 мектеп-гимназиясында «Мейірімді мектеп – алғыс пен құрмет мекені» атты аудандық семинар ұйымдастырылды. Іс-шара алғыс айту күніне орай өткізіліп отыр. Жиынға аудандық білім бөлімінің басшылығы, мектеп директорлары, педагогтер, қамқоршылар мен оқушылар қатысты.
«Мейірімді мектеп» жобасы былтыр құрылған. Содан бері бұл бастама дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Бүгінде жобаға аудандағы барлық 28 мектеп белсенді қатысады, оның ішінде білім ордаларының директорлары да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба арнайы жоспар аясында жүзеге асады екен. Бүгінгі жиынның басты мақсаты жетім балаларды бауырына басқан қамқоршыларға алғыс білдіріп, олардың мейірім мен жанашырлыққа толы жүрегіне құрмет көрсету.
ЖАННА ЖЫЛКИШИНА ТҮРКСІБ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ «Біздің ауданымызда 28 мектеп бар. 28 мектепте 78 қамқоршы бар. Оның қамқоршы балалар бізде 91. Бұл жоба енді бізде былтырдан бері келе жатыр. Мейірімді мектеп жобасы деп аталады. Бүкіл аудан бойынша. Былтыр осы жобаны қолға алғанбыз. Ауданымыздағы барлық мектеп осы жобамен жұмыс жасайды.»
АЙЖАН ҚАСЫМОВА №211 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ «Ол жерде бірінші балаларды еңбекке тәрбиелеу. Сол қолынан шыққан еңбегін адамдарға сыйлау. Бұл мейірімділікке тәрбиелейміз. қайырымдылыққа еңбекқорлықпен бірге. Бұл енді өте үлкен қасиет деп ойлаймын. Сондықтан біз жалпы бұл жерде болашақты тәрбиелеу ісіне көбірек көңіл бөліп жатырмыз.»
Шара барысында қамқоршылықтағы балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға алғыс хаттар табысталды. Оқушылар өз қолдарымен жасаған сәндік-қолданбалы бұйымдарын сыйға тартты. Ата-аналар да өздеріне көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, дән риза.
ИРИНА ИНКИНА ҚАМҚОРШЫ АТА- АНА «Алғыс айту күніне осындай шараға шақырғанына өте қуаныштымын. Өте керемет мұғалімдер, балалар бәрі әдемі. Керемет концерт болып жатыр. Алғысым шексіз.»
Мерекелік шараға балалар мен ұстаздар белсене қатысты. Олар ән шырқап, би билеп, сахналық көріністер қойды. Алғыс пен құрметке толы кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Әсем Бахытжанова, Серік Бақбаев, Алатау ақпараты
