Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында ұлттық спорт түрлерінен республикалық турнир өтті. Шара мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналды. Іс-шараға қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ақсақалдар мен спорт ардагерлері қатысты.

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен  150-ден астам шабандоз қатысып, тартысты ойын көрсетті. Дүбірлі дода  GÚLNAR BAQ демалыс және спорт орталығында ұйымдастырылды. Жарыс бәйгенің 3 түрі бойынша, өтті. Олар  25 шақырымға Аламан бәйге, 15 шақырымға Топ бәйге, 10 шақырымға Құнан бәйге. Жағажай волейболынан әйелдер мен ерлер арасында коммандалық бақ сынасты. Ашылу рәсімінде ақсақалдар спортшыларға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. 

АМАНГЕЛДІ ШАБДАРБАЕВ ЖАРЫСТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ «Мен енді осындай валейболдан турнирлер ұйымдастыра бастадым. Дінмұхамед Ахметұлын халық ұмытпасын деп. Содан кейін, бәйге өткізе бастадық. Енді  концерт қосылды. Осылай жылда өткізіліп жатыр. Мен Дінмұхамед Ахметұлының батасын алған адаммын. Мен жетістіктерге жетсем, сол кісінің маған берген батасының арқасы деп санаймын. Кішкене жағдай болып тұрса, Дінмұхамед Ахметұлына бәйге, ас жай беремін, екі мың адам келіп дәм татсын деп жатырмын. Көзі тірісінде Дінмұхамед ағамыз жақсылық жасайтын болсаң халыққа жасағаның дұрыс, халық ешқашан жақсылығыңды ұмытпайды деді». 

Көк туымызды көкте желбіреткен қыз-жігітер ұлттық ойындарды ұлықтап халықтың ыстық ықыласына бөленді. Іс-шарада көремендер Теңге ілу, Қыз қуу, Жамбы ату, казак күресі, қошқар көтеру сынды ойындарды тамашалады. Өнер көрсетушілердің ішінде атпен, түйемен жамбы атқан қазақ қызы да өнер көрсетті. 

ЖАҚСЫЛЫҚ БАЙТҰҚБАЕВ ГЕНЕРАЛ «Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне арналған бұл турнир ең бастысы отанға, елге деген құрмет. Патриоттық сезімді көтеру болып табылады. Үйткені қаншама көзі тірісінде қазақ еліне, жастарына, болашақ үшін үлкен жұмыстар істеді». 

Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға  мақтау қағаздармен, қаржылай сыйлықтар табысталды.  Аламан бәйгеде бірінші келген сәйгүліктің иесіне темір тұлпар табысталды. Бас жүлдені «Шұғыла» атты сәйгүліктің иесі, Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген Ерсұлтан Серіков иеленді. Волейболдан ерлер арасында «А» және «В» лигаларында өткен қызу тартыстың нәтижесінде Алматы қаласының өкілдері «Шекара» және «Номад» командалары басым түсті. Әйелдер арасында Талгарочка командасы жеңіске жетті. Дүбірлі додада жақсы көңіл күймен қайтқан көрермендер ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.