Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан зардап шеккен 8 адамның төртеуі бақилық болды. Отандық және шет елдік дәрігерлер барлық қажетті ем-домды жасаса да, ақ халаттылар күйік шалған жұмысшыларды аман алып қала алмады. Қазір ауруханада төрт адам ем алып жатыр.  

БЕРІК ТІЛЕУБАЕВ МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бүгінгі таңда күйік алған науқастардың ішінен екі азамат жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Олардың қазіргі жағдайлары тұрақты. Ем шаралардың арқасында шоктан шығарылды. Екі науқас реанимацияда ауыр жағдайда жатыр. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде бүкіл ем шаралар жалғастырылып жатыр».

Қаза болғандар – балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро мен бас механик қызметінің шебері Төлеген Жетпісбаев. Кеше кешке ауруханада аталған зауытта технолог болып жұмыс істеген 25 жастағы Ерұлан Қазкен көз жұмған еді. Ал екі күн бұрын күйік салдарынан пеш бастығы Музафар Исмаилов та дүние салды. Ол Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Үміткер ауылында жерленді. Осы суыт хабардан соң, компания бүгін мәлімдеме жасады. Жерлеуге байланысты толық мекеме өзі өтейді, қаза тапқан отбасының барлық несиесі жабылады, олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек жасалады, 10 жылдық жалақы мөлшерінде айлық төленеді.