Қарызы бар тұрғындардың табиғи газы тоқтатылады. Осындай жоспармен Қызылордалық қызметкерлер рейдке шықты. Себебі өңірде коммуналдық қызметтің құнын төлемегендер қатары көбейген. Ал қарыз мөлшері 800 миллион теңгеге жуықтапты. 

Қаладағы Шевченко 126 мекенжайындағы бұл  борышкердің қарызы  200 мың теңгеден асып кеткен. Соңғы төрт айдың төлемін тіпті мүлде жасамаған. Қаншама рет «QazaqGaz Aimaq» мамандары тарапынан келген түсіндірмесіне пысқырып қарамай, ажыратылған жүйені өздігінен қосып ала беретін көрінеді. Үй иесінен рұқсат алған сала мамандары газ қондырғысын ажыратып кетті. 

ЖОЛДАСБЕК ӘБЕНОВ «QazaqGaz Aimaq» АҚ ҚЫЗЫЛОРДА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ  БӨЛІМ БАСШЫСЫ 
Қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша газдандырылған тұтынушылар саны 138 254 құрайды. Біз қарызын төлемеген,төлеу күнінен асып кеткен тұрғындарды аралау арқылы қарыз төлемдерін өндіреміз. Бүгінгі аралауда біз Шевченко 126 мекен жайына келіп тұрмыз. Ең алдымен жұмысты бастамай тұрып, тұрғынмен кездесіп,келісімін алатын боламыз. Бұл тұрғын үйдің иесі әзірге төлей алмайтындығын айтып,кейін төлейтінін жеткізді. Үй иесінің келісімімен газ қондырғысын ажыраттып жатырмыз. Жалпы алдыңғы жылға қарағанда қарыз көлемі азайып келе жатыр. Және бір ескертетін жәйт төлем жасалғаннан кейін ажыратылған газ қондырғысын өзіміз жөндеп жалғап береміз.

Сонымен қатар, қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған мекеме шаһардың орталық аумақтарындағы борышкерлерді де аралады. Газ желісіне қосылғалы бері немесе бір жыл көлемінде бұл коммуналдық қызметтің ақысын ұмытқан жандар да баршылық екен. Мысалға Есқараев көшесінің 125 мекен жайындағы тұрғын соңғы 2 ай бойы газқызметін төлемеген. Қарызы 80 мың теңгенің көлемі болған. Есік қаққан сала мамандары үй иесінен жауап ала алмады. Сондада сала мамандары осы уақытқа дейін ескерту берілгендігін ескеріп, газ қондырғысын ажыратты.

Айта кету керек 2023 жылдың 1 маусымнан бастап облыс бойынша халықтың мерзімі өткен қарызы 1 173 миллион теңгені құраса, қазіргі таңда облыс бойынша мерзімі өткен қарыз 789 млн теңгеге жуықтаған.