Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жасаған іс сапары барысында Қонаев қаласының Бас жоспарымен танысты.

«Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева Мемлекет басшысына облыс орталығының аумағы 2050 жылға қарай 19 мың гектарға ұлғайып, халық саны 200 мың адамға жетеді деген болжам жасалып отырғанын айтты.

Қаланы дамыту және жаңа мәдени-қоғамдық орталық салу үшін «Жаңа-Іле» алаңы таңдалып алынды. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени, тұрғын үй, білім беру және рекреациялық нысандар салу көзделген.

Жүйе құраушы кластерлер мен кәсіпорындарда 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл 30 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын көптеген шағын және орта бизнес субъектісінің құрылуына ықпал етеді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысына қоғамдық жағажайды абаттандыру жобасын таныстырды.

Әкімнің айтуынша, бірегей жобаның – ұзындығы 1000 метр болатын су променадының құрылысы басталады. Оны алдағы уақытта 3000 метрге дейін жеткізу көзделген.

Кездесу барысында облыс басшысы өңірді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударды.

Президентке 67 әлеуметтік нысанды жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернетке қосу жобасының жүзеге асырылуы, сондай-ақ 5G жобасын одан әрі іске асыру үшін жалпы ұзындығы 104 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісінің төселуі жөнінде мәлімет берілді.

Қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті үздіксіз мониторинг жасау мақсатында 412 бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Алматы облысының мектептерінде қауіпсіздіктің интеграцияланған жүйесін құру аталған бастамалардың маңызды бөлігі саналады.

Жоба аясында облыстың 125 мектебіне Жедел басқару орталығына қосылған 4 мың камера орнатылады. Бұл платформа ықтимал қауіптерге қарсы жылдам әрекет етуге және қолайлы білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қызанақ пен көшет өсіруге маманданған «Lst Agro» ЖШС жылыжай кешенін аралап көрді.

Жылыжай кешенінің жалпы аумағы – 7 гектар. Онда жылына 3650 тонна қызанақ өсіріледі. Кешенге 5,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы көрсетіледі.

Президентке кәсіпорында тамшылатып суару, тұмандату және көмірқышқыл газын өндіру жүйелері жұмыс істейтіні туралы баяндалды.

Жылыжай кешеніндегі суару құралдарын, климаттық және энергетикалық жабдықтарды басқару жүйесі толығымен автоматтандырылған, сондай-ақ ол арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен жүзеге асырылады. Мұнда суды тазартудың заманауи технологиясы да енгізілген.

Қызанақ өсірудің озық голландтық әдісінің нәтижесінде компания өнім көлемін бірнеше есе ұлғайтып, сапасын жоғарылатуға қол жеткізді. Өнімнің басым бөлігі экспортталады.

Кешенді аралап көрген Мемлекет басшысы өндірілетін өнім түрлерімен танысып, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін осындай инвестициялық жобаларды іске асыру маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарлары мен құрылыс материалдарын өндірушілердің көрмесіне барды.

Көрмеге аграрлық сала бойынша ет, құс, сүт және балық өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының, сондай-ақ шырын, сусын өндірушілердің, көкөніс және жеміс өңдеушілердің тауарлары қойылды.

Мемлекет басшысы шаруалармен әңгімелесу барысында өңірдің климаттық жағдайы мен мегаполиске жақын орналасуы бұл салаға инвесторлар тартуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, өңірде ерекше бағыт – түйе шаруашылығы қарқынды дамып келеді және аталған сала экспорт үшін зор әлеуетке ие.

Президентке отандық құрылыс материалдарының көптеген түрі көрсетілді.

Қазақстанда өнеркәсіптік және азаматтық нысандар құрылысының толық циклін қамтамасыз ететін тауарлар өндіріледі.

Атап айтқанда, көлденең желімделген ағаш, құрама темірбетон және бетон құрылғылары, автоклавты газоблоктар, талшықты цемент плиталары мен шыны мақта, құрғақ құрылыс қоспалары мен әрлеу материалдары, бояулар мен жабындылар, алюминий профильдері, панельдер, диодты шамдар, есік тұтқалары және басқа да өнімдер шығарылады.

Мемлекет басшысы құрылыс саласының жай-күйі туралы айта келе, аталған саланы экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде атап өтті. Көрмеге 20-дан астам қазақстандық тауар өндірушілердің, соның ішінде «Шин-Лайн» ЖШС, Dinara Group агрохолдингі, «Дәулет-Бекет» ЖШС, «ПК Алтын Таға» ЖШС, «Фирма-Бент» ЖШС, «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС және басқа да ірі компаниялардың өнімдері қойылды.