2026 жылдың 02 шілдесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен халықаралық деңгейдегі кезекті ғылыми онлайн-семинар өтті. Алқалы жиынның бас баяндамашысы ретінде Түркия Республикасының Ұлттық Қорғаныс университеті, Шет тілдер жоғары мектебі, заманауи түркі тілдері бөлімінің аға оқытушысы, түркітанушы, PhD доктор Үміт Шахин (Dr. Ümit ŞAHİN) мырза шақырылып, «Сахалар және саха тілі: тарихы, тілі және мәдениеті» тақырыбында терең мазмұнды дәріс оқыды. Ғылыми басқосуды А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Әміров Әбдібек Жетпісұлы жүргізіп, модераторлық етті. Семинарға факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген магистранттар мен PhD докторанттар қатысты.

Үмит Шахин өз дәрісінде түркі әлемінің ең қиыр солтүстік-шығысында, 3 миллион шаршы шақырымнан асатын аумақта орналасқан жарты миллиондық саха (якут) халқының тарихы мен мәдениетін тереңнен талдады. Баяндамашы олардың  суыққа төзімді саха жылқысын өсіріп, Арктикалық климатқа бейімделген бірегей халық екенін, ал арғы тектері Байкал маңынан шығып, көне курыкан тайпаларымен байланысатынын жеткізді.

Саха жазуы мен тілінің зерттелуіне тоқтала келе, 1851 жылы неміс лингвисі Отто Бетлингктің еңбегі арқылы бұл тілдің түркілік табиғаты әлемдік ғылымда алғаш рет дәлелденгенін және С.А. Новгородовтың 1917 жылғы латын әліпбиінің құрметіне 13 ақпан «Ана тілі және жазу күні» ретінде тойланатынын атап өтті. Сонымен қатар, Саха автономиясының негізін қалаушы М.К. Аммосовтың 1930 жылдары Батыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарын басқарып, қазақ мемлекеттілігін нығайтуға қосқан зор үлесі арқылы халықтар арасындағы тарихи-саяси байланыс та сөз болды.

Рухани салаға тоқталған ғалым сахалардың көне түркілік тәңіршілдікке, «Айыы» іліміне, «Құт-Сүр» жан ұғымына және «Аал Луук Мас» (Бәйтерек) түсінігіне негізделген шамандық дүниетанымын сипаттап, олардың ұлттық «Ысыах» мерекесі қазақтың «шашу» сөзімен түбірлес екенін лингвистикалық мысалдармен дәлелдеді. Дәріс барысында саха тіліндегі уот (от), бас (бас), киһи (кісі) сияқты көне түркілік және қазақ тілімен ортақ лексикалық параллельдерге салыстырмалы талдау жасалды.

Семинар соңында қатысушылар саха тілінің дыбыстық жүйесі мен цифрлық гуманитаристика аясында Сібір түркі тілдерінің мәтіндік корпусын жасау мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты. Жиынды қорытындылаған кафедра ұжымы мұндай шаралардың түркітану бағытындағы бірлескен ғылыми жобаларға зор серпін беретінін айтып, баяндамашыға ризашылық білдірді.

Әбдібек Жетпісұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының асситент профессоры, ф.ғ.к.,

Бауыржан Каспихан, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы