Алматы облысында жаңа ауқымды тұрғын үй жобасы іске қосылды. "Қонаев" ӘКК" АҚ Қонаев қаласының 10-шы шағын ауданында жалпы ауданы 11,6 гектарды құрайтын екі жер учаскесін игеруге кірісті. Бұл жерде "Самұрық" көпфункционалды тұрғын үй кешені (КТК) бой көтереді.
Жоба тұрғын үй құрылысын дамыту және жеке инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылуда. Осы мақсатта "Chinese Foreign Construction" ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы келісім жасалды. Сондай-ақ "Ningxia Jianyi Real Estate Development Co" шетелдік компаниясымен инвестициялық келісімге қол қойылды. Жалпы инвестиция көлемі 65 миллиард теңгеден асады.
Жобаның негізгі параметрлері
Жоба бойынша 5 пен 12 қабат аралығындағы көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Жалпы құрылыс ауданы 183 303,45 шаршы метрді құрайды, оның ішінде:
- 156 224,85 шаршы метр – тұрғын үйлер;
- 4 351,6 шаршы метр – коммерциялық нысандар (оның ішінде 300 шаршы метр – полиция тірек пунктіне арналған);
- 1 575 шаршы метр – балабақша;
- 15 552 шаршы метр – әкімшілік ғимараттар.
Жоба 3 кезеңде, 5 жыл ішінде іске асырылады.
Құрылыс жұмыстарының басталуы
2025 жылғы 1 наурызда құрылыс алаңында дайындық жұмыстарының ресми басталуы өтті. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, "Қонаев" ӘКК" АҚ және серіктес компанияның өкілдері қатысты. Кездесу барысында жобаның тұжырымдамасы таныстырылып, оның негізгі іске асыру кезеңдері талқыланды.
"Алматы облысындағы тұрғын үй құрылысын дамыту – "Қонаев" ӘКК" АҚ-ның басым бағыттарының бірі. "Феникс (Самұрық)" жобасын жүзеге асыру қаланың тұрғын үй қорын кеңейтіп, жайлы қалалық орта қалыптастыруға және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті компания өкілі.
Құрылыстың бірінші кезеңі
Құрылыстың бірінші кезеңі 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Оның аясында 5 қабатты 4 тұрғын үй және коммерциялық нысандар салу жоспарланған.
Жалпы құрылыс алаңы 6 389,97 шаршы метрді құрайды, оның ішінде:
- 2 743,2 шаршы метр – тұрғын үйлер;
- 3 646,77 шаршы метр – коммерциялық нысандар.
"Қонаев" ӘКК" АҚ өңірдің инфрақұрылымын дамытып, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында инвестиция тарту жұмыстарын жалғастырады.