Сөгілген қабырғалар, қираған баспалдақ, үңірейген есік-терезе. Бұл Қызылорда қаласындағы  Жеңіс және Амангелді көшелерінің қиылысында орналасқан  қос қабатты үйлердің сыйқы осындай болып тұр. Тозығы жеткен баспана тұрғындарының жанайқайына кезек берсек.

Айтып отырған көшенің  бойында 8 үй орналасқан, 64-ке жуық пәтер бар. Қираған баспалдақтар, есік-терезесі үңірейген адамзатқа жәйлі деп айтуға аузың бармайды. Бұл жерде көп балалы аналар мен зейнеткерлер де тұрады. Әжетхана сыртта, тіпті суды да даладан тасып ішуге мәжбүр.

МАРИЯ ЖАҒЫПАРОВА ТҰРҒЫН: «Осы жеңіс көшесімен амангелді көшесінің бойында 8 көп қабатты үй бар. Менің бұл үйде тұрып жатқаныма көп уақыт болды.Үйлердің барлығы ескі,подвал жоқ. Үйдің фундаменті жоқ.Үйден жағымсыз иіс шығады. Кейде үйдің ішіне тарақандар болады. Олармен арпалысамыз деп шаршап кеттік шыны керек.Мен осыдан үш жыл бұрын үйге ремонт жасаған болатынмын,бірақ ешқандай пайда жоқ екен».

Бұл үйде 24 жылдан бері отбасымен тұратын Маргарита Сваева бөлмелер кейде салқын, жаңбыр жауса шатырдан су ағады, жаман иіс шығып, қанша жөндеу жұмыстарын жасаса да ешқандай оң нәтиже шықпайды деп отыр.

МАРГАРИТА СВАЕВА ТҰРҒЫН: «Менің бұл үйде тұрып жатқаныма 24 жыл уақыт болды. Қазіргі таңда мен, күйеуім,қызым,ұлым төртеуіміз 2 бөлмелі үйде тұрамыз. Тұрғын үйдің ішінде қабырғалары сөгіліп, ашылып тұр. Біз кейде қорқамыз.Әжетханаға бару үшін немесе су әкелу үшін далаға шығамыз. Балалар ойнайтын алаңда жоқ».

Тұрғындардың ендігі үміті қалалық әкімдікте. Үңірейген үйден, жайлы баспанаға көшуді қалайды.Жергілікті биліктің олар айтып отырған мәселеге көңіл бөліп, көмектесулерін күтіп жүр.Ал әкімдіктің алдағы уақыттағы әрекеті қалай болады,оны уақыт көрсетеді.