Ешкім назардан тыс қалмайды. Үкімет барлық су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесетін болады. Бүгін СҚО іс-сапармен барған үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деді. Айта кетейік, республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі мен ұлттық ұлан, әскерилер жалпы саны 4 мыңға жуық адам, мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Ал, жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуацияланып жатыр. Жағдай қатаң бақылауда екенін айтты Премьер-Министр. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады деді ол. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жалпы өздеріңіз білесіздер, еліміз бойынша су тасқыны болып жатыр кейбір өңірлерде. Сондықтан, жеке құрам, техника барлығы жұмылдырылды, бірақ та жағдай күрделі. Барлық жұмыстар жүргізілуде. Зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіледі. Үкіметтің көмегінсіз назарынсыз ешкім қалмайды. Солтүстік Қазақстанда да осындай шаруалар атқарылады»