Қыстың көзі қырауда бүрсең қаққан Риддер тұрғындары биыл қыста жылудан азап көрмейді. Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Риддер Жылу электр орталығының дайындығын өзі тексерді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүруде. Айта кетейік, бұл мекеме енді коммуналдық меншікке өтеді.

БАҚЫТЖАН БАЙАХМЕТОВ ШҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгінде стансадағы 6 қазандықтың 2-уі іске қосылған. Жақын арада тағы біреуі іске қосылып, тұрғындар жылумен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Сонымен қатар қалған агрегаттар мен қосалқы жабдықтарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күн суытқан кезде жоғары қысымдағы қазандықтар іске қосылады. Халық биыл жылумен отырады. Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр ма? Ия, кесетеге сәйкес, кестеден қалып жатқан жоқ».

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Өткен жылыту маусымында Риддер қаласының жылу орталығы апаттық жағдайда жұмыс жасады. Риддер қаласының халқы жылумен толық қамтамасыз етілмеді. Риддерде 50 мыңға жуық халық тұрады. Бұған бұрынғы қожайындардың стансаны жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына қаражат салмағаны себеп болды. Осының барлығы ЖЭО-ның әбден тозуына әкеп соқты. Республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге бөлуге мәжбүр болдық. Облыс әкімдігі өз тарапынан 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлді. Осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Алдағы жылыту маусымының дұрыс өтуі үшін олардың уақтылы аяқталуы маңызды. Мұны күні-түні қадағалап отыруымыз керек».