Жер сілкінісі кезінде, не істерлерін білмей үрейге бой алдырған халыққа құлақтандыру жүйесін ертерек қосып, хабарлама жіберілу керек болатын. Осылай деген Премьер-Министр Әлихан Смайылов шенеуніктерге бірқатар тапсырма берді.

Бүгін Үкімет отырысы кеше түндегі төтенше жағдайды талқылаумен басталды.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Уақытында ақпарат алмаған және нақты не істерін білмеген адамдар дүрбелеңге бой алдырды. Олар ойланбай істеген әрекетінен зардап шекті, яғни 2-3 қабаттан секірді. Бұл құлақтандыру жүйесін ертерек іске қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарлама жіберу керектігін көрсетеді. Мұндай жағдайда адамдарға нақты не істеу керектігі туралы мәлімет беру керек. Барлық сейсмикалық қауіпті аймақта оқу-жаттығуларды жиі өткізу қажет деп санаймын. Халық іс жүзінде іс-қимыл алгоритмін білуі керек».

Ғимараттар бүлініп, үйлер құлаған жоқ. Министрдің төрағалығымен Төтенше жағдайлар министрлігінде республикалық жедел штаб ашылған. Осындай штабтар аумақтарда да жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің психологтарымен жедел желі телефондары ұйымдастырылды, - деді министр Үкімет отырысында. Министр, алда Алматыда жойқын жер сілкінісі болмайтынын атап өтті.

СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «Сейсмикалық болжау комиссиясының өткізілген отырысына сәйкес Алматы қаласының аумағында қатты және жойқын жер сілкінісі болмайды. Осыған байланысты өңір тұрғындарынан дүрбелеңге түспеуін және тек ресми дереккөзге сенуін сұраймын».