Әскердегі әлімжеттік "дедовщина" бойынша 12 әскери қызметші сотталды. Осы жылдың өткен кезеңінде жарғыға сәйкес емес қатынастың 13 фактісі тіркелді. Бірақ, жауапты министрлік өкілдері сөзіне сенсек, жыл өткен сайын әскердегі әлімжеттік азайып, қылмыстар саны төмендеп барады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайызға дейін азайған. Бұл туралы Қорғаныс министрінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Айтпақшы, жиында әскердегі ақша бопсалайтындар да сөз болды.
ШАЙХ-ХАСАН ЖАЗЫҚБАЕВ ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: «Мерзімді әскери қызметшілер ата-анасынан 2-3 мың теңге сұрайтын жағдайлары болады. Бірақ оның бәрін сол жердегі офицер немесе сержант алдырып жатыр деп айтқан дұрыс ұғым деп ойламаймын. Иә, бізде бір жағдай болған. Бір офицер әскериден 3 мың теңге алған еді. Қазір сол әрекеті үшін офицер тергеу изоляторында отыр. Тергеу жұмыстары біткен соң ҚР заңы бойынша жауапқа тартылады. Ал, жалпылама әскерлердің ата-анадан ақша сұрауына келсек, 18-19 жастағы жігіт дүкеннен заттар алғысы келеді. Әскери бөлімнің жанында дүкендер бар, міне осыдан болып ата-анада біреу баламның ақшасын алып жатыр деген ой болады».