Күтіп отыратын уақыт жоқ. Өңірге инвестиция тартпаған әкімдер жұмысын үкімет басшысы Әлихан Смайылов қатаң сынға алды. Себебі, инвестиция деген ол жаңа жұмыс орыны. Ал, еліміздің бірнеше облысында жауапты мамандардың салғырттығы кесірінен инвестиция тартылмаған, тиісінше жаңа орындар да ашылмаған.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

«Әрбір инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда, жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешуге ұйымдастырыңыз. Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал, мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек».

Айта кетейік, Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Инвестициялық штабтың отырысы өтті. Онда жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттілігі айтылды. Алайда, 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52%-ға ғана орындалған.