Алматы облысындағы 300-ден аса саяжайжақын маңдағы елді-мекендерге қосылады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Аlataunews.kz-тің жазуынша, бүгінде Алматы облысында барлығы 674 саяжай бар. Атап айтсақ, Қарасай ауданында 200, Іле 157, Талғар 152, Еңбекшіқазақ 135, Жамбыл аудандарында 21 және Қонаев қаласында 9 саяжай орналасқан.
Десе де елді-мекен мәртебесі жоқ болғандықтан, саяжай тұрғындарының мәселесі жиі көтерілетін. Осы мақсатта сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мусылманбеков саяжай жайы шешімін тапқанын баяндады.
“Саяжайлардың қосылу жоспары былтырдан бері қаралуда.Алдымен оларға елді мекен мәртебесі берілуі керек. Қазіргі таңда тұрғындар санын есептеп, бала-бақшалар мен мектептер саны бас жоспарға кіргізілуде. Халықпен бірге тыңдаулар өткіздік. Ұсыныстарды мәслихат шешімімен бекітіп жатырмыз”, - деді Болат Аманжолұлы.
Сондай-ақ, ол қазіргі таңда 333 саяжайды жақын маңдағы елді мекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарды өзгерту жұмыстары аяқталғанына да тоқталды. Мәселен, Іле ауданында 5 елді мекеннің бас жоспарына 109 саяжай, Қарасай ауданында 4 елді мекеннің шекарасына 88 саяжай ,Талғар ауданында 6 елді мекеннің шекарасына 92 саяжай, Еңбекшіқазақ ауданында 2 елді мекеннің шекарасына 44 саяжай массиві қосылмақ.