Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы alataunews.kz-ке сілтеме жасап.
Ондағы ақпаратқа сүйенсек, жұмыс сапарымен Талғар ауданына барған өңір басшысы су тасқынының алдын алуға ерекше назар аударып, оған қатысты шараларды дер кезінде қолға алу керегін баса айтқан. Алдымен аса қауіпті аймақ саналатын Бесағаш ауылдық округі мен Талғар қаласындағы селден қорғайтын бөгетті аралау барысында мұндағы қауіпті учаскелерді көріп шықты. Үлкен Алматы каналы орналасқан Бесағаш ауылының №1 учаскесі басты назарда болды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен селден қорғау мамандары еріген қар мен жаңбырдың салдарынан су басуы мүмкін аймақ туралы егжей-тегжей баяндады. Әсіресе Алатау тас жолының Бесағаштан өтетін тұсындағы жағдай қауіпті, мұнда 300 адам тұратын 60-қа жуық үйді басуы мүмкін. Бұл қауіп-қатердің алдын алу үшін дренаждық құрылысты салу, құбырлар мен суағарларды орнату ұсынылды.
Сонымен қатар, Мұратбаев көшесінен бастау алып, аймақтың жолымен Үлкен Алматы тасжолын кесіп өтіп, 6,45 шақырымға созылып жатқан Талғар өзенінің арнасын реттеу жоспарланды. Мақсат – өзен арнасының жағалауы мен түбін нығайту.
Марат Елеусізұлы осыдан 6 жыл бұрын Бесағаш ауылындағы бірнеше үйді су басқанын еске салып, шұғыл шара қолдану керектігін айтты. Сондай-ақ 2017 жылы Бурабай коттедж қалашығында үйлердің үстіне тау опырылып, үйді саз бен балшық басып қалғанын да тілге тиек етті. Саяжай иелері оның қауіпті екенін жерді сатып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізгеннен кейін ғана білген.
Әкім жұмыс сапарының соңында 2005 жылы салынған селді бөгейтін Талғар бөгеніне барды. Бетоннан жасалған құрылымға 8,4 миллион текше метр су сыяды. Талғар өзенінің жоғарғы ағысында жалпы ауданы 117,9 шаршы метрді құрайтын 92 мұздық бар, сондай-ақ сол маңдағы басқа 20 мұздықтың жетеуі сел қаупін тудырады.Осы қауіптерге орай әкім селден қорғау органдарына бөгеттің жағдайын үздіксіз қадағалап, суды жіберуді тапсырды.