Алматыдағы жер сілкінісінен кейін дүмпулер қанша уақытқа жалғасады? Халықты әбігерге салған табиғи апат қайта бола ма? Осы сұрақтарға мамандар жауап берді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Төтенше жағдайлар министрлігі "Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы" ЖШС директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, енді Алматыда ірі жер сілкінісі болмайды.
"Сейсмикалық жағдайдан кейін Қырғызстан мен ҚХР аумағында 100-ден астам афтершокок тіркелген. Қала тұрғындары 5-тен аспайтын афтершокты сезінді. Бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Түркия мен Сирияда болған оқиғаларды алайық: жер сілкінісі осы күнге дейін болып жатыр, біз осы оқиғаларды тіркеп отырмыз. Сондай-ақ, сіз күн сайын Кахраманмараш пен Сириядағы оқиғаларды жаңалықтан көріп отырсыздар. Бізде жойқын зілзала бола ма? Мен 100% жоқ деп айта аламын. Бізде күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды, қатты жер сілкінісі болмайды. Дүмпу азайып барады,” - деді Дәулет Сәрсенбаев.
Айта кетейік, 23 желтоқсан түнгі 00-09 сағат уақытында алматылықтар қатты жер сілкінісін сезінді. Апат күші 5 балл деңгейінде бағаланды. Көп ұзамай тағы бірнеше тербеліс тіркелген болатын.
Жер сілкінісі кезінде халық әбігерге түсті. Қала көшелері кептеліске ұласып, адамдар қауіпсіздігіне арналған арнайы нүктелер кешігіп барып есігін ашты.