Еліміздегі бокстан ерлер құрамының бапкерлері түгел дерлік жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ресми мәліметке сүйенсек, Мырзағали Айтжанов бастаған бокс бапкерлері түгел дерлік орындарын босатқан.
“Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізілді. Соның нәтижесінде бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды”, - делінген хабарламада.
Осылайша, мынадай өзгерістер болды:
- Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды;
- Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылады.
Еске сала кетсек, Қазақстан боксшылары Париж Олимпиадасында алтынға қол жеткізе алмады. Ерлер құрамында жалғыз күміс медальді Нұрбек Оралбай еншілеген болатын.