Елімізде бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі ұзартылды. Министрлік енді тамыздың 31-не дейін созуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың өтініші бойынша білім беру ұйымдарына қабылдау қағидаларына өзгеріс енгізілгенін хабарлады. Егер бұрын бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі сәуірдің 1-нен тамыздың 1-не дейін жүзеге асырылса, енді баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері құжаттарды сәуірдің 1-і мен тамыздың 31-і аралығында өткізе алады.
“Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау кезеңі тамыздың 25-і аяқталуына байланысты білім алушылардың өтініштерін оныншы сыныпқа қабылдау мерзімі тамыздың 15-нен тамыздың 31-не өзгертілді. Колледжге қабылданбаған білім алушылар мектептің 10-11 сыныптарында оқуын кедергісіз жалғастыра алады”, - делінген ведомство хабарламасында.
Демалыс кезінде ғана мектептен мектепке ауысуға шектеу алынды. Осылайша, жаңа ережелерге сәйкес, балаларды тұрғылықты жері бойынша оқу жылы ішінде мектептен мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар.