Елімізде бүгін Жалпыұлттық аза тұту күні. Қаралы күн Қарағанды облысындағы шахтада болған апатқа байланысты жарияланып отыр, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында апат болып, 36 кеншінің өлі денесі табылды. Күні кеше Мемлекет басшысы қайғылы жағдайға байланысты кеншілердің отбасына көңіл айтты. Әрі 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын мәлімдеді.

"Бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары барысында. 

Сондай-ақ Президент "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.

Айта кетейік, 28 қазан күні сағат 2.33-те Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі Костенко шахтасында жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылды. Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 36 адамға жеткен. Төтенше жағдай министрлігінде тағы 10 адам әлі іздестіріліп жатқанын хабарлады. 

Бас прокуратура Костенко шахтасындағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Болжам бойынша, компанияның мәліметінше, лавада газ метанының жарылған. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Штаб құрылды.