Елімізде халықтың ай сайынғы шығындарындағы 52 пайыз тек тамақтың үлесінде. Өйткені биыл азық-түлік шығыны 14 пайызға артқан, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Finprom.kz сараптамалық сайтына сілтеме жасап.
Дерекке сүйенсек, 2023 жылдың екінші тоқсанында үй шаруашылықтарының азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығындары 13,9%-ға өсіп, 421,1 мың теңгені құраған.
Бұл шығындардың азық-түлік тауарларына жұмсалған барлық шығындардағы үлесі 92%-ды, жалпы тұтыну шығындарынан 52%-ды қамтиды.
Жалпы елде азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға ең көп шығын Түркістан облысының тұрғындары арасында тіркеліп отыр. Онда тоқсанына 557,5 мың теңге шығын мөлшерін құрайды. Сонымен қатар тамаққа көп ақша жұмсайтын өңірлердің “бестігіне” Маңғыстау облысы (551,6 мың теңге, плюс 10%), Атырау облысы (512,4 мың теңге, плюс 14,5%), Ұлытау облысы (502,5 мың теңге, плюс 30%) және Алматы облысы (484,3 мың теңге плюс 7,6%) кірген.
Тұрғындардың азық-түлік және алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығындарының құрылымында ең көп үлесті (33,4%) ет және ет өнімдері алып отыр: республика бойынша орташа көрсеткіш - 140,6 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,7%-ға артық.
Екінші қатарда нан өнімдері мен жарма өнімдері тұр: 64,5 мың теңге, Мұнан кейін тізімде сүт өнімдері тұр - қазақстандықтар оларға 44,7 мың теңге жұмсаған.
Бұл 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 21,4%-ға көп.
Сондай-ақ, шығын қатарында жеміс-жидектер мен көкеніс, сусындар мен кондитерлік өнімдер, тәттілер, жұмыртқа, тағы басқа азық-түліктер бар.