Елдегі ақылы жолдардың тарифі көтеріледі. Көлік министрлігі жол ақысы 2013 жылдан бері өзгермегенін алға тартуда, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша жол ақысы 2013 жылдан бері өзгермеген.
"Тарифті ұлғайту жоспарда бар. Неге екенін түсіндірейін. Тариф 2013 жылдан бері он бір жыл бойы өзгерген жоқ. Былтыр 20%-ке көтерілді. Сосын біздің тарифті басқа елдермен салыстырыңыздаршы. Егер Қазақстанда 1 теңге 20 тиын болса, Ресейде теңгеге шаққанда – 7 теңге", - дейді министр.
Оның айтуынша, жолдың сапасы жақсы болуы үшін оған күтім қажет. Ол үшін ҚазАвтоЖол бюджетіне жол ақысынан түскен қаржымен қарамақшы.
"Кейбіреулері екі-үш есеге өсірейік деп жатыр. Бірден айтамын, тариф екі-үш есеге көтерілмейді, бірақ белгілі бір пайызға қымбаттайтыны анық. Біздің мамандар жолды күтіп ұстауға қанша қаражат қажет, соны ескеріп есептейді. Қосымша 1 100 техника сатып алу керек", - деді ведомство басшысы.
Министр ақылы жолдардың тарифін көтеру мәселесі қоғам талқысына шығарылатынын атап өтті. Талқылауды наурыз айынан бастау жоспарланып отыр.