Ішкі істер министрлігі ел тұрғындарына терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік барын еске салды. Тіпті бұл бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Ақпарат Polisia.kz медиа-порталында жарияланды.
Онда терроризм актісі өткен жылмен салыстырғанда биыл шамамен 12%-ға өскені жазылған. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына – 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді", – дейді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов.
Мұндай хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында “электрондық жалған терроризм” жағдайлары көбейген. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаларда көбінесе көлік құралдары, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі.
Азамат Хасенов сондай-ақ бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Яғни қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5000 АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келтірілген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді екен.
"Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл 14 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Алматыда – 6, Қарағанды облысында – 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ олардың барлығының ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты тиісті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды", – деді аға жедел уәкіл.